Оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру ең алдымен, оқу процесінде жүзеге асырылады. Яғни, мектептерде әр оқу тоқсанында немесе оқудың жартыжылдығында күндер мен апталар бойынша оқу кестесі құрылады. Мектепте оқушылардың сабақ кестесі күн тәртібіне сәйкес болуы қажет, ал оқу процесін ұйымдастыру барысында оқушы денсаулығы барынша ескерілуі тиіс және демалу кезеңімен алмастырып отыру, оқушылардың денсаулығына мол әсер етеді. Оқушының тез шаршауы, үлгірмеуі, берілген тапсырманың кең көлемде болуынан байқалады. Осыған орай сабақ кестесін құру барысында негізгі гигиеналық талаптар ескерілуі тиіс.
Сабақ кестесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес регламенттеледі. Жалпы білім беретін ұйымдағы сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауға тиіс. Бірінші сыныптарда оқу жүктемесін біртіндеп арттыра отырып, оқу сабақтарының "сатылы" режимі қолданылады. Қыркүйек айында үш сабақ 35 минуттан, қазан айынан бастап 45 минутқа дейін жоспарланады. Сабақтарда дене шынықтыру минуттары мен көзге арналған жаттығулар өткізілуі тиіс. Бастауыш мектептерде қосарланған сабақтар өткізуге жол берілмейді. Сабақ кестесін құру кезінде оқушылардың күн мен апта ішінде ақыл-ой қабілетінің динамикасы ескеріледі және қиындық бойынша пәндерді саралау кестесі қолданылады.