Білім күні Сары ала бұрымы, Сары үрпек тұлымы, «Білім күні» мейрамы
Қыркүйектің бұ күні.
Мініп алып мәстекке
Ақыл айтып кетпекке
Шопан ата келді де
Сөз сөйледі мектепте:
- Атамыздың кәсібі,
Азығы, һәм, нәсібі,
Қой бақсаңдар, балалар,
Аш болмайсың, асылы.
Осы кезде мәстегі,
Тоқ күніне мас, тегі,
Ақырды кеп, шамасы-
«Жаңағы сөз рас» деді.
Көзір таппай жұмыстан,
Казиноға туысқан
«Шоу-мэн" даусын шығарды
Сәкідегі бұрыштан:
- Оқы, оқы, оқы деп
Айтқан Ленин сан рет;
Жұмыс істеп қиналмай
Оқи берген ғанибет.
...Уағыздарға жеңілме,
Ғылым еніп сенімге
Ақиқатқа табынсаң
Көктер сенің елің де.
Надандықтан түңілген,
Қудалауға ілінген
Діні берік ғалымдар
Қуат алған білімнен.
Қылмысшы да, молда да,
Ұлық - елі қолдаған,
Өсіп шығар қайсы да
Білім еккен ордадан.
Көнсең осы дәлелге,
БІЛІМ деген әлемге,
Кім болсаң да бұ күні
Тағзым етіп, «сәлем» де.
Жанбай Шүйіншәліұлы Өзденбаев